«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII Заңы (2026.21.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

14) банкті ислам банкіне айналдырудың осы Заңның 111-бабының 7-тармағында көрсетілген мерзімнен аспауға тиісті банк жоспарлаған мерзімі;

15) банкті ислам банкіне айналдыру үшін қажетті өзге де іс-шаралар.

 

111-бап. Банкті ислам банкіне айналдыру кезеңіндегі оның қызметі

1. Банкті ислам банкіне айналдыру кезеңінде банк айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.

2. Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатын алғаннан кейін банк акционерлерінің жалпы жиналысында директорлар кеңесінің ұсынымы бойынша исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес тағайындалады.

3. Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатын алғаннан кейін банк он жұмыс күні ішінде:

1) айналдыру туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды және көрсетілген хабарландыруды банктің интернет-ресурсында орналастырады;

2) банк клиенттеріне банк операцияларының және өзге де операциялардың осы Заңның 110-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген тізбесін, осы баптың 4-тармағында көзделген жазбаша бас тартуларды не келісімдерді ұсыну мерзімін және олар қабылданатын мекенжайды көрсете отырып, банкті ислам банкіне айналдыруды жүргізу туралы жазбаша хабарламаны жібереді.

4. Банк клиенттері осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банкке:

1) осы Заңның 22-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде көзделген исламдық банк операцияларына айналдыруға жататын банк операциялары және өзге де операциялар бойынша шарт талаптарын өзгертуге;

2) ислам банкіне осы Заңның 22-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жүзеге асыру рұқсат етілген исламдық банк операцияларына айналдыруды талап етпейтін банк операциялары және өзге де операциялар бойынша шарт талаптарын банкті ислам банкіне айналдыруға байланысты банктің атауын өзгерту бөлігінде өзгертуге;

3) уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін шарттардың қолданылу мерзімінің өтуі негізі бойынша исламдық банк операцияларына айналдыруды талап етпейтін немесе осы Заңның 36-бабында белгіленген исламдық банк операциялары қағидаттарына сәйкес келмеу негізі бойынша айналдыруға жатпайтын банк операциялары және өзге де операциялар жөніндегі шарттар бойынша құқықты (талапты) басқаға беруге немесе борышты аударуға жазбаша бас тартуды не келісімді ұсынуға міндетті.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзімде жауапты ұсынбау:

осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары бойынша клиенттің бас тартуы ретінде қаралады;

осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасы бойынша клиенттің келісімі ретінде қаралады.

Клиент осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген шарттар бойынша жазбаша бас тартуды берген кезде осы шарттардың қолданысы осы Заңның 112-бабының 1-тармағында көрсетілген есепті банк уәкілетті органға ұсынғанға дейін тоқтатылуға жатады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралар исламдық банк операцияларын жүзеге асыру талаптары қамтылған не банкті ислам банкіне айналдыруға байланысты банктің атауын өзгертуді көздейтін, банк исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны алғаннан кейін оның күшіне енуі талабымен шартқа қосымша келісімді жасасу арқылы жүзеге асырылады.

Банк клиенттерінің банктік шоттарына қойылатын орындалмаған талаптар (банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда) болған және ақша жеткіліксіз болған не болмаған (оның ішінде бір жылдан астам уақыт ақша қозғалысы болмаған) кезде банк мұндай талаптарды қайтаруды жүзеге асыруға және банктік шоттарды жабуға құқылы.

5. Банкке исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия берілген кезде немесе банктің қызметін тоқтату туралы сот шешімі қабылданған кезде, сондай-ақ уәкілетті орган рұқсатты кері қайтарып алған жағдайда, банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсатты банк уәкілетті органға қайтаруға тиіс.

6. Банкті ислам банкіне айналдыру кезеңінде оған шарттардың қолданылу мерзімін ұзартуға және (немесе) осы Заңның 22-бабының 2, 3 және 5-тармақтарында көзделген банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға жаңа шарттар жасасуға, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.

7. Банкті ислам банкіне айналдыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс. Уәкілетті орган мұндай мерзімді банктің өтінішхаты бойынша бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартады.

8. Осы Заңның 35-бабында белгіленген қағидаттарға сәйкес келмейтін мәмілелерден банк айналдыру кезеңінде алатын кірісті пайдалану туралы шешімді банктің исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесі қабылдайды.

 

112-бап. Банкті Мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік қайта тіркеу және исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беру

1. Банк уәкілетті органның рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей уәкілетті органға растаушы құжаттарды қоса бере отырып, банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті ұсынады.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген есепке ескертулер болған кезде уәкілетті орган банктен қосымша іс-шараларды орындауды және (немесе) қосымша ақпарат пен құжаттарды беруді талап етуге құқылы. Банк уәкілетті органның ескертулерін ескеруге (талап етілетін қосымша іс-шараларды орындауға және (немесе) қосымша ақпарат пен құжаттарды беруге) және уәкілетті органға банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті уәкілетті орган белгілеген мерзімде растаушы құжаттарды қоса бере отырып, қайтадан ұсынуға міндетті.

3. Уәкілетті орган банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті уәкілетті органға ұсынылған күнінен бастап екі ай ішінде мақұлдайды немесе мақұлдаудан бас тартады.

4. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген есепті мақұлдағаннан кейін банк банкті мемлекеттік қайта тіркеу үшін Мемлекеттік корпорацияға күнтізбелік отыз күн ішінде жүгінуге міндетті.

Ислам банкінің жарғысында осы Заңның 7-бабының 5-тармағында көзделген ақпарат қамтылуға тиіс.

5. Банк Мемлекеттік корпорацияда мемлекеттік қайта тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, бірақ уәкілетті органның рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін отыз жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға:

1) мына құжаттарды:

ислам банкі жарғысының нотариат куәландырған көшірмесін;

жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына лицензиялық алымның бюджетке төленгенін растайтын құжатты;

исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес туралы ережені;

исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің басшысы мен мүшелері лауазымына тағайындалған адамдар туралы, олардың осы Заңның 36-бабында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын мәліметтерді;

исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асырудың жалпы шарттары туралы қағидаларды;

ислам банкінің ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларды қоса бере отырып, исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беру туралы;

2) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны (бар болса) қайта ресімдеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті.

6. Уәкілетті орган исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны беру және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны қайта ресімдеу туралы өтінішті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін құжаттар ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.

Исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды лицензиялау тәртібі осы Заңның 19-бабында айқындалады.

7. Банкке исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензия берілген кезден бастап:

1) банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға бұрын берілген лицензияның қолданысы тоқтатылады;

2) банкті ислам банкіне айналдыру аяқталды деп есептеледі.

Банк исламдық банк операцияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға арналған лицензияны, бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қайта ресімделген лицензияны алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде өзіне бұрын берілген лицензиялардың түпнұсқаларын уәкілетті органға қайтаруға міндетті.

 

 

8-БӨЛІМ. ТАРАТУ

 

19-тарау. БАНКТІ ТАРАТУ БОЙЫНША ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

113-бап. Банктерді тарату түрлері мен негіздері

1. Банк:

1) уәкілетті органның рұқсаты болған кезде оның акционерлерінің шешімі бойынша (ерікті түрде тарату);

2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда соттың шешімі бойынша (мәжбүрлеп тарату) таратылуы мүмкін.

2. Банкті тарату осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

 

114-бап. Таратылатын банк кредиторларының комитеті

1. Кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың банкті ерікті түрде немесе мәжбүрлеп тарату рәсімдеріне қатысуымен шешімдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитеті құрылады.

Кредиторлар комитетінің құрамын банктің тарату комиссиясының ұсынуы бойынша уәкілетті орган бекітеді.

2. Кредиторлар комитетін қалыптастыру және оның қызметінің ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

 

115-бап. Уәкілетті органның банкті тарату процесіндегі өкілеттіктері

1. Уәкілетті орган ерікті түрде және мәжбүрлеп таратылатын банктердің тарату комиссияларының қызметіне бақылауды жүзеге асыру мақсатында:

1) тарату комиссияларының есептерді және қосымша ақпаратты беру нысанын, мерзімдері мен кезеңділігін белгілеуге;

2) тарату комиссияларынан өзге де қажетті ақпаратты алуға;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тарату комиссияларының қызметіне тексеру жүргізуге;

4) тарату комиссияларының қызметінде депозиторлар мен өзге де кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатер төндіретін жағдайдың жасалуына алып келуі мүмкін кемшіліктер және (немесе) тәуекелдер анықталған не депозиторлар мен кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы не Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде тарату комиссияларының қызметіндегі анықталған кемшіліктерді және (немесе) тәуекелдерді, бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгіленген мерзімде жою және (немесе) белгіленген мерзімде іс-шаралар жоспарын ұсыну туралы тарату комиссияларының орындауы міндетті жазбаша нұсқамалар шығаруға құқылы.

Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде берілген іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі;

5) тарату комиссиясы жазбаша нұсқаманы белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда, тарату комиссиясының мүшелерін ауыстыруға не банк ерікті түрде таратылған жағдайда, оларды ауыстыруды талап етуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шараларды қолдануға, сондай-ақ депозиторлар мен өзге де кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа не прокуратура органдарына жүгінуге;

6) тарату шығыстары сметасын қалыптастыру мен бекітудің ерекшеліктерін және тәртібін белгілеуге;

7) тарату комиссияларының кассадағы қолма-қол ақшаны сақтау, қолма-қол ақшамен кіріс және шығыс операцияларын жасау, кассалық құжаттарды жүргізу қағидаларын орындауы жөніндегі, қолма-қол ақшаның жұмсалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, касса қалдықтарының лимиттерін, сондай-ақ тарату комиссиясының ағымдағы шотына қолма-қол ақшаны тапсыру мерзімдерін айқындауға құқылы.

2. Тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тарату комиссиясының төрағасы, бөлімше басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

 

116-бап. Банктің тарату массасы

1. Банктің мүлкі, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда банкті мәжбүрлеп тарату рәсімінде өндіріп алу қолданылуы мүмкін өзге де адамдардың мүлкі банктің тарату массасы болып табылады.

Банктің тарату массасын қалыптастыру және түгендеу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

2. Банктің тарату массасына:

1) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигациялардың қамтамасыз етілуі болып табылатын бөлінген активтер кірмейді;

Тарату комиссиясы бөлінген активтерді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен арнаулы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкіліне басқаруға (бөлінген активтерді өткізу және кепілге қойылған мүлікке және бөлінген активтердің құрамына кіретін өзге де қамтамасыз етуге өндіріп алуды қолдану құқығымен) береді;

2) ипотекалық қарыз шарттары бойынша құқықтар (талаптар) (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда), сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары түріндегі ипотекалық облигациялардың қамтамасыз етілуі болып табылатын кепіл мүлкі көрсетілген облигацияларға меншік құқығы оларды ұстаушыларда туындаған немесе оларға мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша ауысқан жағдайларда кірмейді.

Тарату комиссиясы ипотекалық облигациялардың қамтамасыз етілуі болып табылатын кепіл мүлкін ипотекалық облигациялар эмитенті кредиторларының талаптарын қанағаттандыру үшін ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкіліне береді;

3) банк операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылған немесе банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күнге дейін, осы күндердің қайсысы бұрын болғанына қарай, кредиторға бас қаржылық келісім шеңберіндегі мәміледе (мәмілелерде) айқындалған тәртіппен және шарттарда берілген қамтамасыз ету ақысы;

4) үшінші тұлғаларға тиесілі және кастодиан-банкке сақтау мен есепке алу үшін сеніп тапсырылған бағалы қағаздар, сондай-ақ кастодиан-банкке есепке алу мен сақтау үшін сеніп тапсырылған зейнетақы активтері, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның арнаулы резервтегі активтері, инвестициялық қорлардың активтері, арнаулы қаржы компанияларының бөлінген активтері кірмейді.

Кастодиан-банкке сақтау мен есепке алу үшін сеніп тапсырылған зейнетақы активтері, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін трансферттер, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның арнаулы резервтегі активтері, инвестициялық қорлардың активтері, арнаулы қаржы компаниясының бөлінген активтері басқа банкке әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның, акционерлік инвестициялық қордың, арнаулы қаржы компаниясының, инвестициялық пай қорын басқарушы компанияның өтініші бойынша аударылады.

3. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банктің, ислам банкінің тарату массасына инвестициялық депозит туралы шарт бойынша тартылған ақша есебінен сатып алынған мүлік кірмейді. Тарату комиссиясы көрсетілген мүлікті, сондай-ақ инвестициялық депозиттер бойынша міндеттемелерді исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар басқа банкке, ислам банкіне беруге тиіс.

Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банкті, ислам банкін таңдау тәртібі және оған инвестициялық депозит туралы шарт бойынша тартылған ақша есебінен сатып алынған мүлікті және исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар таратылатын банктің, ислам банкінің инвестициялық депозиттері бойынша міндеттемелерін беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

 

 

20-тарау. БАНКТІ ЕРІКТІ ТҮРДЕ ТАРАТУ

 

117-бап. Ерікті түрде тарату

1. Банк акционерлерінің жалпы жиналысы оны ерікті түрде тарату туралы шешім қабылдағаннан кейін банк жеке тұлғалардың депозиттерін оларды тікелей төлеу арқылы қайтару не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

Жеке тұлғалардың депозиттерін Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару осы Заңның 22-бабы 7-тармағының екінші бөлігінде көзделген шарттар сақтала отырып жүзеге асырылады.

Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру тәртібі, сондай-ақ жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару, оларды басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

2. Жеке тұлғалардың депозиттерін қайтаруды жүзеге асырғаннан кейін банк уәкілетті органға өзін ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.

Көрсетілген өтінішхатқа:

іске асыру мерзімдері көрсетіле отырып, банктің өз қызметін тоқтатуы жөніндегі іс-шаралардың банк акционерлерінің жалпы жиналысында бекітілген тізбесі;

банктің өз міндеттемелері бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін қаражатының жеткілікті екенін куәландыратын банктің баланстық есебі;

басқа да қажетті мәліметтер қоса берілуге тиіс.

Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатқа қоса берілетін құжаттар мен мәліметтер тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

3. Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатты уәкілетті орган банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты алуға өтініш қабылданған күннен бастап екі ай ішінде қарауға тиіс.

Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беруден бас тартқан жағдайда уәкілетті орган бұл туралы уәжді шешім шығарады, оны банктің назарына жеткізеді.

4. Уәкілетті орган банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беруден бас тартуды мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізеді:

1) ұсынылған құжаттардың толық болмауы немесе тиісінше ресімделмеуі;

2) өз міндеттемелері бойынша есеп айырысу үшін банк қаражатының жеткіліксіз болуы;

3) жеке тұлғалардың депозиттерін оларды тікелей төлеу арқылы қайтару не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару бойынша шаралар қабылдамауы.

5. Банк ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты алған кезде тарату комиссиясын құрады, оған банктің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктер ауысады.

Ерікті түрде таратылатын банктің тарату комиссиясы қызметінің ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

6. Уәкілетті орган ерікті түрде таратылатын банктің тарату комиссиясының қызметіне бақылауды жүзеге асырады.

7. Банк ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты алғаннан кейін бұл жөнінде ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялауға, сондай-ақ банктің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

8. Тарату комиссиясы тарату балансы мен банкті тарату туралы есеп бекітілгеннен кейін күнтізбелік жеті күн ішінде оларды Мемлекеттік корпорацияға және уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

Тарату комиссиясы банкті тарату аяқталған кезде архивке құжаттарды сақтау үшін белгіленген тәртіппен тапсыруға және бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

9. Ерікті түрде таратылатын банктің барлық кредиторының талаптарын қанағаттандыруға қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, банк мәжбүрлеп таратылуға жатады.

Ерікті түрде тарату процесін аяқтаудың мүмкін болмауына байланысты уәкілетті орган банкті мәжбүрлеп тарату туралы арызбен сотқа жүгінеді.

 

 

21-тарау. БАНКТІ МӘЖБҮРЛЕП ТАРАТУ

 

118-бап. Банкті мәжбүрлеп тарату негіздері

Банкті мәжбүрлеп тарату:

1) банктің осы Заңда көзделген негіздер бойынша операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылуына;

2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да негіздер бойынша банкті мәжбүрлеп тарату туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуіне;

3) ерікті түрде таратылатын банктің барлық кредиторының талаптарын қанағаттандыру үшін қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, банкті ерікті түрде тарату процесін аяқтаудың мүмкін болмауына байланысты заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жүргізіледі.

 

119-бап. Банкті өзге де негіздер бойынша тарату

1. Банкті мәжбүрлеп тарату банкті операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айыру туралы шешім болмаған кезде уәкілетті мемлекеттік органдардың арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуі бойынша сот іс қозғаған жағдайда осы Заңға сәйкес жүргізіледі.

2. Сот банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімді уәкілетті органға жібереді.

Осы Заңның 118-бабының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қозғалған іс бойынша соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енген күннен бастап банк операциялардың барлық түрін жүзеге асыруға арналған банк лицензиясынан айырылады.

 

120-бап. Мәжбүрлеп таратуды жүргізу шарттары мен тәртібі

1. Соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап:

осы Заңның 84-бабы 1-тармағының 1), 2), 4), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген салдар басталады;

банктің бұрын жұмыс істеп келген органдарының өкілеттіктері тоқтатылады, басшы қызметкерлері, ал қажет болған жағдайда өзге де қызметкерлері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылады.

2. Банкті мәжбүрлеп таратуға байланысты барлық шығыстар, осы Заңның 84-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы банктің қаражаты есебінен ғана жүргізіледі.

3. Тарату комиссиясы банктің мүлкін бағалауды Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізеді.

4. Банктің шетел валютасында көрсетілген міндеттемелері соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен есепке алынады.

5. Аралық тарату балансын және мәжбүрлеп таратылатын банктің кредиторлар талаптарының тізілімін уәкілетті орган бекітеді.

6. Аралық тарату балансы бекітілгенге дейін қарсы біртекті талаптарды есепке алуды жүргізуге жол беріледі.

Аралық тарату балансы бекітілгеннен кейін қарсы біртекті талаптарды есепке алу осы кредитордың талаптарын қанағаттандырудың тиісті кезегі басталған кезде ғана жүргізіледі.

Мәжбүрлеп таратудың кез келген кезеңінде мәжбүрлеп таратылатын банкке:

құқықты (талапты) басқаға беру шартынан;

банктік қарыз берілген және (немесе) талап туындайтын өзге де мәміле жасалған күні бір-біріне үлестес болып табылған заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру нәтижесінде туындаған қарсы біртекті талаптарды есепке алуды жүргізуге тыйым салынады.

7. Банктің тарату комиссиясы мәжбүрлеп таратылатын банктің мүлкін өткізуді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен жүргізеді.

8. Уәкілетті орган банктің тарату комиссиясының қызметіне бақылауды жүзеге асырады.

9. Тарату комиссиясы сотқа уәкілетті органмен келісілген тарату туралы есепті және тарату балансын ұсынады.

Сот уәкілетті органнан және тарату комиссиясынан тарату ісін жүргізуге байланысты кез келген ақпаратты сұратуға құқылы.

Сот тарату туралы есепті және тарату балансын бекітеді және тарату ісін жүргізудің аяқталғаны туралы ұйғарым шығарады.

Тарату комиссиясы сот ұйғарымының көшірмесін Мемлекеттік корпорацияға және уәкілетті органға жібереді.

Тарату комиссиясы тарату балансы мен тарату туралы есеп бекітілгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде оларды - Мемлекеттік корпорацияға, ал көрсетілген құжаттардың көшірмелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

Тарату комиссиясы банкті мәжбүрлеп тарату аяқталғаннан кейін архивке құжаттарды сақтау үшін белгіленген тәртіппен тапсыруға және бұл жөнінде уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.

10. Тарату комиссиясы банк қызметінің тоқтатылуы тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банк қызметінің тоқтатылуы тіркелгені туралы бұйрықтың көшірмесін ұсынады.